«Туған жер» - Жұмекеннің жас шағында жазған өлеңдерінің бірі. Бұл – жастықтың, отансүйгіштіктің алғашқы жалындаған тұсындағы ақын жанының алауы. Осы жердегі «Туған жер» ұғымы – тым ауқымды ұғым. Сол туған жерге ісін, күшін берген, туған жердің амандығы мен кеңдігі үшін жанын берген, қанын шашқан һас батыр бабаларды еске алып, сағынып, сарығып төгіледі. Олардың жаны түйме секілді үзіліп, туған жердің топырағына сіңіп жоқ болып кеткенін. Болашақ - біз үшін мыңдаған қыршынның айқасқа кіріп атсыз-атаусыз кеткенін еске алады. Бұл – Жұмекенше ойлау. «Соншама көп беріп» алып қалған бодауы мынау туған жер. Ол - ұрпағын күткен, ұрпағының осыған ие болған бақытын күткенін кең мекен. Сіз жай ғана байқаңыз: ол туған жерде Құлагердің ізі қалып, соған торғай ұя салғанын айтады. Ендеше, Жұмекеннің ойы қайда барғанын көріңіз. Сонау солтүстіктегі Көкшетаудан асып жатыр. Жұмекен санасындағы туған жер – ол Отан, ол Қазақстан. Өзің ойлашы: бүгін біз әнұранмен кеудемізге қойып айтатан «Туған жер – менің Қазақстаным» деген жан дауысымыз ол - жұмекендік рухтан келген. Бұл – әрбір қазақтың көкейінде болатын ұғым. Біздің туған жеріміз – Қазақстан. Әрине, Жұмекеннің кіндік қаны тамған жерін танимыз Оған «Менің Қағбам» деп тұрып өлең арнағанын да, құмы мен құла- боз бұта бүргеніне дейін сүйіне суреттегенін білеміз. Ал, мынау «туған жер» үлкен ауқымдағы тарихи тұтас ұлттық ұғым. Біз Жұмекеннің «Туған жер» өлеңін оқып, оған бейне түсірген жас буынға алғыс айтамыз.