ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Жамбыл облысы Қордай ауданының Гвардейский кентіндегі ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына (ҒЗИ) барды.
Денсаулық сақтау министрлігі үш мың еріктіге клиникалық зерттеулердің қорытынды III кезеңінің басталуын мақұлдады. Бүгінде алғашқы еріктілер Алматы және Тараз қалаларының клиникаларында, ҒЗИ-да отандық вакцинамен егілді. 2020 жылғы желтоқсан айының соңына дейін үш мың еріктіні вакцинациялау аяқталады. III кезеңді өткізу үшін 10 мың доза көлемінде вакцинаның қажетті партиясы шығарылады.
«Отандық вакцинамен жаппай егу 2021 жылдың наурыз айында басталады. Бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын топтағы адамдарға екпе жасалады», — деді А. Мамин.
Қазақстандық вакцина QazCovid-in деп аталады. Бұл инактивті вакцина және 2020 жылдың мамырында жасалған.