Бұлай кесіп айту қиын болса-дағы, Украинаның денсаулық сақтау министрінің сөзі түрткі болды. Бұдан бөлек Қытай Халық Республикасында, Италияда қарттардың иммунитеті төмен болғандықтан, өмір сүруге мүмкіндігі барларға ғана кешенді ем-дом қолданылуда деген сыбыс бар. Қош, тарқаталық!
Аз ғана уақыт бұрын өткен комитет отырысында Украинаның жаңадан тағайындалған денсаулық сақтау министрі Илья Емец «барлық зейнеткерлер көз жұмады» деп мәлімдеме жасапты. Бұл туралы көпшілікке «Голос» партиясының депутаты Ярослав Железняк айтқан.
Жақында ғана Украинаның президенті Владимир Зеленский шекарадан тыс жүрген азаматтарға елге оралу үшін үш күн мұрсат берді. Үш күннен кейін коронавирус пандемиясының таралуының алдын алу мақсатында барлық әуе рейстерін тоқтатпақ ниетте.
Ал үш күн ішінде үлгермеген украиналықтар жергілікті елшілікке барып, бейресми рейспен елге оралуына мүмкіндік бар.
«Біз шетелдіктер үшін шекараны жабамыз. Шекаралық пункттер де жұмыс жасамайды. 16-наурыздан бастап екі апта бойы шетелдіктер Украина территориясына кіре алмайды. Ұшақпен де, пойызбен де, автокөлікпен де», - деді ол.
Бір ай шамасында ғалымдар 70 мыңнан астам коронавирус жұқтырғандарға зерттеу жүргізіп үлгерді. Қауіптісі – індет адамға білінбей жұғады. Осылай жұғу мөлшері жалпы ауырғандардың 80,9 пайызы. Ауыр жағдайда дәрігерге жүгінгендердің үлес-салмағы – 13,8 пайыз. Ал өте ауыр жағдайға тап болғандар небәрі 4,7 пайызды құрайды.
Коронавирус қарт адамдарды айналшықтайды. Тақырыптың осы күмәннан тууы заңдылық. Өйткені, қарттар арасында өлім-жітім пайызы жоғары тіркелген – 14,8 пайыз. Ал тоғыз жасқа дейінгі балаларды бұл індет жалмамады. Тәубә!
39 жасқа дейінгі адамдарға коронавирустың жұғу ықтималдылығы – 0,2 пайыз. Қырық жастан асқандар 0,4, елудің үстіндегілерде 1,3, ал 70 жастан асқан қарттарда 8 пайыз.
Ер адамдар әйелдерге қарағанда көбірек құрбан болады: 2,8 пайыз, 1,7 пайыз. Сонымен қатар, жүрек-қан тамырлары ауру бар, қант диабетіне шалдыққандар, тағы да басқа созылмалы дертке шалдыққан науқастар бірінші кезекте жұқтырады екен.
Әлі күнге дейін коронавирустың жаңа түрінің неден пайда болғаны анықталмады. Соның нәтижесінде пандемияның шығу тегі туралы мыңдап саналатын алып-қашпа әңгімелер, аңыздар мен өсек-аяң қаптап жүр.
Былайғы уақытта сенімді ақпарат шықпайынша ресми өкілдер мәлімдеме жасамайтын-ды. Бірақ Қытайдың Сыртқы істер министрлігінің ақпараттық департаментінің басшысы Чжао Лицзянь коронавирустың таралуына АҚШ-тың қатысы бар деген әңгіменің шетін шығарды.
Дегенмен, бұл мәлімдеме көптің назарына ілікпей өз алдына тұншықты.
Ал министрліктің ресми өкілі Гэн Шуан әріптесінің сөзін дұрыс та, бұрыс та демеді. Керісінше, өз мәлімдемесінде әлемдік пандемия уақытында осы типтес ғылыми сұрақтардың тууы қалыпты жағдай деп баға берді.
Әлем ғалымдары қарттарға ерекше қорғануға кеңес беруде. Бәлки, бұл – замана ағымында белгілі бір уақытта қайталанып тұратын сұрыптау процесі шығар...