ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ұжымы поэзия алауын тұтатты.
Челлендж-эстафетаның шарты бойынша, бастамаға үн қосқысы келген кез-келген ақын өлең оқуы тиіс. Қатысушылардың видеосы ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының әлеуметтік желідегі парақшасына жарияланып отырмақ.
«Қиындық келеді, кетеді. Болмысымызды, көңіл-күйімізді жоғалтпауымыз керек. Жұмылған жұдырықтай бірлік керек. Халықты төзім мен сабырға шақырып, карантин уақытын тиімді өткізуге шама-шарқымызша атсалысу, бастаманы қолдау - азаматтық міндетіміз. Карантин мерзімі – шығармашылық адамдарының өнімді еңбек ететін тұсы, қалың оқырманның рухани білім алатын уағы. Осы ретте барша қалам ұстаған азаматтарға, өнер, мәдениет саласындағы әріптестерге төмендегі челленджді ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының атынан жолдап отырмыз», - деді ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Каженбайұлы эстафета туралы.
Ұйымдастырушы тараптың атынан Кітап палатасы директорының орынбасары, белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы жыр оқып, ақ тілегін білдірді.