Қазақстанның тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесі берілді.
Бұл туралы Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орай ұйымдастырылған БҰҰ Бас ассамблеясының арнайы сессиясында айтылды, деп хабарлады ҚР СІМ.
Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру жөніндегі жаһандық күш-жігерге көшбасшылық кезеңіндегі ерекше тарихи үлесін ескеріп, оған жаңа мәртебе беру туралы бастама көтерді.
1991 жылы 29 тамызда әлемдегі ең ірі полигондардың бірі болған Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Елбасының бұрын-соңды болмаған шешімі адамзат тарихындағы алғашқы ядролық сынақтарға заң жүзінде тыйым салу ретінде ғана емес, сонымен қатар Халықаралық күнді белгілеу үшін негіз болды, деп атап өтті ҚР СІМ.
1991 жылы 29 тамызда Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигоны жабылды. Әлемдік қоғамдастық бұл бұрын-соңды болмаған қадам және Елбасының жаһандық халықаралық қауіпсіздікке қосқан жеке үлесі деп санайды.Осы жерде қырық жыл ішінде 456 жарылыс болды. Кейінірек ғалымдар барлық әскери жарылғыштардың қуаты адамзат тарихындағы жапондық Хиросимаға тасталған алғашқы бомбаның күшінен екі жарым мың есе жоғары болғанын есептейді.
Семей полигонындағы сынақтардан бір жарым миллионнан астам адам зардап шекті.