КЕЛЕ ЖАТҚАН ҚЫРКҮЙЕК АЙЫНДА ҚАЗАҚ ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНА БІРІНШІ РЕТ РЕСМИ САПАРМЕН БАРАДЫ.
БІЗ ҮШІН РЕСМИ ҚЫТАЙ МӘҢГІЛІК КӨРШІ ЖӘНЕ ҚУАТТЫ ИНВЕСТОР ӘРІ ҮЛКЕН НАРЫҚ ДЕП БАСТАЛАТЫН СИПАТТАМА ЖАҒЫМДЫ ДА, ЖАҒЫМСЫЗ ДА ТІРКЕСТЕРМЕН СОЗЫЛА ТҮСЕДІ. САЛМАҒЫ БАСЫМ САЯСИ САПАР ҚАРСАҢЫНДА "ҚЫТАЙ ДЕГЕН КІМ!?" ДЕП АТАЛАТЫН САРАПТАМАЛЫҚ МАҚАЛАЛАР ЖЕЛІСІН ҰСЫНАМЫЗ.
Гонконг:тағдыры ауыр “тәтті порт”
Ганконг. Қытай тілінде “тәтті порт”мағынасын береді. Танымал тарихы екі жүз жылға тартатын халықаралық еркін порттың басында қиқу көтерілгелі үш айдың жүзі болды. Жазғытұры Қытай билігі, Тайуанда қалыңдығын өлтіріп, Гонконгке қашты деген күдікке ілінген порт тұрғыны Chen Tongjia-ны Қытайға апарып тергеуге шешім қабылдайды. Гонконг тұрғындары бұған наразылық танытады. Ал, аймақ билігі күдіктіні "Бейжіңге жөнелтуді және бұрыннан жобада тұрған, қашқындарды жазаға тарту ережесін өзгертуге - Бейжіннің ыңғайына қарай икемдеуге" қадам жасайды. Дәл осы қадам наразылықтың жаңа толқынын көтереді.
Кейіннен қала билігі ережені өзгерту шешімін уақытша күн тәртібінен алып тастауға мәжбүр болғанымен, мұны қанағат тұтпаған тұрғындар ережеге өзгеріс енгізуді түбегейлі жабуды талап етуде. Басында наразылық білдірушілер саны жүздеп саналса, бүгіндері қаланың жеті миллион халқының оннан бірі дерлік ереуілшілер қатарында жүр.
"Жығылғанға жұдырық" демекші, Тәтті порттың тәуекелі онсызда Трамптың төпешінен мәңгіріп қалған Бейжің билігін тығырыққа тақап тастады. Компартиялық тәсілмен тізеге басуға Гонконгтің мәртебесі жол бермейді. Ол Қытай билігінің ел тұтастығын қарусыз қалпына келтіру мұратымен жасалған “бір ел, екі жүйе” тәртібінің сынақ алаңы. Гонконгтен бір шикілік шығарып алса, Тайванмен "қанжығада көрісуге" тура келеді. Ал, ереуілшілердің талабына жол берсе, әлемдік абыройына ауыр нұқсан келумен қатар Гонконгке қаратқан құқықтық тізгіндеу тетіктерін түбегейлі әлсіретіп алуы кәдік. Онсыз да, ондағы әділеттік-құқықтық жүйенің әлі күнге ағылшындық тәртіппен жасақталуы мен 2016 жылы тағайындалған 17 судяның екеуі ғана Гонконг азаматы, қалғандарының шетел азаматтары мен қос азаматтықта болуының өзі ұйқысын қашырып отыр.
Сөйтіп, Гонконгтің тұтас мемлекет тұрғысынан маңыздылығы үшін де, Қытай билігі екі ұдай күйге қалып отыр.
Елдің бүтіндігі бәске түсіп, отаршылдыққа қарсылыққа дәрмені құрып тұрған өткен ғасырдың сонау 30-40-шы жылдары, шығыс-түстік азиядағы диаспоралар қаржысын елге құятын өткел бола білген өлшеусіз үлесін айтпағанның өзінде, Қытайды төске оздырған соңғы 40 жылдағы жетістігі үшін де қытай билігі мен құрлық халқы өзін Гонконгке қарыздар сезінуі ләзім.
1978 жылы Қытай "реформа мен сыртқа есік ашу" саясатын жариялағанымен, шетелдік инвестицияның келуіне оның саяси дүйесі кедергі, әрі, үрей еді. Осы тұста Гонконгтің еркін экономикалық тұрпаты, халықаралық қаржы ошағындық беделі шетел қаржысының Қытайға құйылуы үшін сенімді кепіл бола білді! Өйткені шетелдіктер үшін ол қытай нарықына кірудің ең сенімді баспалдағы саналатын. Қытайға тартылған тікелей инвестицияның 60$-ін құраған шетелдегі қытай диаспорасының 200 млрд доллар қаржысының социялстік қытайға тартылуына себепші осы Гонконг еді. Гонконг, сонымен бірге Қытай экспортының орны бөлек өткелі болды. Мысалы: 2018 жылы Қытайдың экспортты 2.5 трлн$-ға жетсе, мұның 569 млрды (20%) Гонконгке тиесілі болды. Осы жылы Гонконг Қытайдан 274 млрд доллардың тауарын әкеткен. Мұндай көлемді аумағы небәрі мың шаршы км-дегі Гонконгтің 7 млн халқы өзіне алмағаны белгілі. Демек, мұның басым бөлігі де Гонконгті айланып басқа елге жол тартты деген сөз.
Жаһандық қаржы иниституттары есебіндегі, Нью-Йорк, Чикаго, Лондоннан кейінгі орындағы Конконг айырбас орталығы (Hong Kong Exchanges and Clearing Limited, HKEX) қытайлық кәсіпорындардың инвестиция тартатын көмейлі арнасына айналды. 1997-2018 жылдары олар HKEX арқылы 6 трлн юан (трлион долларға жуық) қаржы тартыпты. Гонконг, осымен қатар, 2014 жылдан бастап, Қытай юанын ғаламдық ақшаға айналдырудың да бастамашысы болды.
Қысқасы, “Қытай кереметі, әлем фабрикасы” дегендерді Гонконгсіз елестету мүмкін емес еді. Мұнан да маңыздысы, Қытай гонконгтің еркін сауда порты, халықаралық айырбас орталығы, дербес кеден аймағы сынды артықшылықтарын Қытай қаржысын, халықаралық инвестиция ағымына құю, қытай тауарын әлемдік нарыққа айдау, юанның халықаралық төлем құралына айналуын қолдау сияқты алдағы стратегиялық мақсаттарға гонконг мүмкіндігін белсенді пайдалануда еді.
HKEX басшысы Li Xiaojia-ның айтуындай “Қытайға ендігары тағы бір Шаңхай, немесе, Шынжын емес, ешкімге ұқсамайтын Гонконг керек” еді.
Даулы шудың осындай осындай сәтте шығуы тегін емес те. Мұнда порт тұрғындарының қылмысқа күдіктілерді Қытайға апарып тергеу мен соттауға табиғи наразылығынан сырт, құрама штаттардың қол таңбасы да білінеді.
Әлемдік көшбасшы өзімен тәжікелескісі келген Қытайды "тәубесіне түсірудің" кедендік салық, валюталық ойындардан басқа құралдары барын Трамп жақсы біледі. Гонконгке қол салу - қолқаға қол салу деген сөз. Трамптың "Ши Жинпіңге порт халқымен сөйлесуге" кеңес беріп, твиттерде жайбарақат отырмағаны белгілі. Ши Жинпіңнің құтын қашыратыны да осы. Жуықта ғана АҚШ Қытайдың Гонконгтағы бірнеше банкінен доллармен есеп жасау рұқсатын қайтып алды. Бұл тек ескерту ғана, егер шара жалғасын тапса, Қытай қаржысының ең ұтымды арнасы бітеліп тынуы да кәдік. Бұл Қытай үшін апаттық дәрежеде бағалануы тиіс.
1986 жылдың көктемінде ДСҰ Гоконгтің дербес кеден аймағы мәртебесін бекіткен. Бұл, Гонконг дербес мемлекеет болмағанымен, өзінің кедендік салығын өз алдына белгілей алады дегенді білдіреді. Ал ол Гонконгте 0%! Қытай тауарлары осы 0%-тік салықпен Гонконгке еніп, қорабын ауыстырып, есімін жаңалап батысқа, АҚШ-на жол түзейтін. Зәудеғалам, АҚШ гонконгтің осы мәртебесінен айыруға ықпал етсе, Қытайдың тыпырлағаны сонда болады. Ереуілшілерді есірту деген сияқты үйреншікті тәсілдер мұның қасында ойыншық болып қалмақ.
"Ойын" от шыққалы тұр. Қытай билігі екіұдай күйде. АҚШ қоламтаны үрлеп қояды. Қытайдың ресіми ақпаратында Гонконг экономикасының соңғы жарты жылдықта кері кеткенін мәлімдеп отыр. Теке тірес жалғасқан сайын еркін экономика, қаржы ошағы, дербес кеден деген берекелер ұша бермек. Тәтті порт сасық портқа айналып қалмаса екен деп тілейміз.
Құрмет Қабылғазыұлы
Автор сексенінші жылдары Қытайдың Накин университетін тамамдаған. Шыңжаң қоғамдық ғылымдар акедемиясында еңбек жолын бастаған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанға қоныс аударған. Кәсіпкерлікпен шұғылданады. Қаламын да тастамаған. Әлеуметтік және саяси сараптамалық мақалалар жариялап тұрады. Тарихи отанына оралушы қазақтарға қол ұшын беретін қоғамдық шараларды ұйымдастыруға да белсенді қатысады. Мақалаларды қазақ және қытай тілдерінде жазады.