2021 жыл елімізде «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» болып жарияланғанын көпшілік біледі. Осы арнаулы жыл шеңберінде қандай жобалар жүзеге асырылып, еліміздегі кітап нарығын, кітап басып шығару ісін алға жылжыту жөнінде қандай шешімдер қабылданғаны туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова
Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында баяндап берді.
Министрдің сөзінше, қазіргі заманда баланы оқуға мәжбүрлі түрде әкелмей, оның орынына кітап оқу үшін жағдай жасауға назар аудару керектігін айтты.
«Айналасына оқуға құштар достары және замандастары жиылған, үйінде сөре тола кітап тұрған бала адамзатты мейірімге шақыратын аса құнды дүние – кітап әлемі бар екенін біліп өседі. Балаларға білімге тек оқу ғана жетелейтінін жете түсіндіру керек. Бұл – бәріміздің жеңісіміздің кілті», - деді министр.
Ақтоты Рахметоллақызы бүгінгі күні кітап оқитын аудиторияның көлемі барынша тарылғанын атап өтті.
«Адамдар, айталық, «цифрлық технологияларға таңылды». Бұл – жалпығаламдық тенденция. Гаджеттер арқылы балалар мен жасөспірімдер тек толассыз ақпарат алады, ал кітап оқу кез келген қалыптасушы тұлғаны сауатты әрі ақылды, әрбір әрекетін саралай білетін етіп тәрбиелейді.
Кітапқа деген қызығушылықтың төмендеуі мемлекеттің интеллектуалдық капиталының төмендеуіне әкеліп соғатын бағыт десем, қателесе қоймаспын. Сондықтан, біз жасөспірім буын өкілдерін түрлі жолдар арқылы кітаппен достастыруға әрекеттену үстіндеміз. Балаларды қызықтыру үшін біз виртуалды және қалыпты өмір дағдысын ұштастыруға тырыстық. Мысалы, QR-код арқылы оқырман оқу залына өтіп, кітапты онлайн форматта оқи алады», - деді ол.
Ақтоты Райымқұлова арнаулы жыл шеңберіндегі басты бағыт балаларға және жасөспірімдерге арналған кітаптарды басып шығару екенін атап өтті.
«Биыл жалпы таралым саны 120 мың дананы құрайтын қазақстандық және шетелдік авторлардың 40 еңбегін жарыққа шығаруды көздеп отырмыз. Бұл кітаптар еліміздің кітапханаларына таратылады. Біз қазақ балалар әдебиетін қалыптастырушы – қазақстандық балалар жазушыларының да қолдауға мұқтаж екенін білеміз. Сондықтан оларға ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы өткізетін «Балаларға арналған үздік шығарма» байқауы арқылы жыл сайын қомақты сыйлығы бар гранттар бөліп отыруды қолға алдық», - деді министр.
Еліміздің кітап басу ісі саласындағы өзгерістер туралы сұраққа ҚР Мәдениет және спорт министрі әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді басып шығару ісіндегі ашықтық қалыптасқаны туралы айтты.
«Биылдан бастап, бұл процесс Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы арқылы жүзеге асырылуда. Кітап палатасы мемлекеттік бағдарламаға арнайы платформа әзірлеп, онда өтініш білдірген авторлардың еңбектерінің қысқаша мазмұнын жариялады. Еліміздің әрбір азаматы осы плтаформада өзіне ұнаған кітапқа дауыс бере алады», - деді ол.
Министр сарапшылардың кей авторлар кітаптарына жалпы мазмұнға қатысы жоқ блоктарды қосу арқылы көлемді ұлғайту әрекетттеріне баратыны туралы шағым жасайтынын айтты.
«Мұндай «шығармалар», әрине, комиссия мақұлдауына ие бола алмайды. Біздің мақсатымыз – барынша әділетті әрі ашық түрде құнды әдеби материалдарды іріктеп, оларды басып шығару», - деді Ақтоты Рахметоллақызы.
Статистикалық мәліметтерге тоқталған ведомство басшысы 2017 жылдан бері 60 қазақстандық жазушыға қаламақы төленгенін алға тартты. Қаламгерлер жыл сайын түрлі мемлекеттік наградаларға ұсынылып, оның ішінде үздік жастар Президенттік стипендиямен марапатталатынын айтты.
Айта кету керек, мемлекеттік бағдарлама арқылы авторлық құқықты сатып алу арқылы қаламгердің шығармасы министрлікке көзі тірісінде өмір бойы және дүниеден өткен соң 70 жылға берілетініне наразы топтың қарасы қалың еді. Ақтоты Рахметоллақызы осы мәселені қозғай отырып, сатып алу мерзімін 3-5 жылға дейін қысқартқан. «Мәдениет туралы» Заңға енген өзгерістерге сәйкес, аталмыш уақыт өткен соң жазушылар өз еңбектеріне қайта иелік етеді.