Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі минималды жалақы мөлшерін орташа жалақы мөлшерінің 30-40 пайызына дейін көтеруді жоспарлап отыр. Қазіргі минималды жалақы – орташа жалақының 21 пайызы. Бұл туралы министр Біржан Нұрымбетов айтты.
«42 500 теңге – азаматтардың барлық қажеттілігін өтейтін ақша емес. Бұл – заңмен кепілдендірілген ең төменгі жалақы. Демек, күніне 8 сағат жұмыс істейтін адамның табысы бұдан төмен болмауы тиіс. Қазіргі еңбек кодексі жалақыны жұмыс берушінің анықтауына мүмкіндік береді. Сондықтан, біз оларды жалақыны көтеруге шақырамыз», - деді ол.
Оның айтуынша, қазір Үкіметті минималды жалақы мөлшерін арттыру туралы мәселе қозғалып, жан-жақты талқыланып жатыр.
«Биыл немесе келесі жылы бюджеттегі қиындықтарға байланысты бұл өзгеріс болмауы мүмкін. Керісінше, біз мемлекеттік органдардағы барлық шығындарды қысқартып жатырмыз. Бірақ Қазақстанның 2025 жылға дейінгі даму жоспарында бұл мәселе бар», - деді министр.
Нұрымбетов 42 500 теңгенің ештеңеге жетпейтінін мойындады. Егер Кейтс индексі бойынша бізбен экономикасы тең елдерді салыстырсақ, Қазақстандағы минималды жалақы мөлшерінің шынымен минималды екеніне көз жеткіземіз.
«Минималды жалақыны кем дегенде орташа жалақының 30-40 пайызына жеткізу керек. Ал халықаралық еңбек ұйымдарының талабы бойынша, бұл көрсеткіш 50 пайыздан кем болмауы тиіс. Егер біз орташа жалақы мөлшерін көтергіміз келсе, онда минималды жалақыны көтеруіміз керек. Егер орташа жалақы 400 мың теңге болса, онда минималды жалақы 120 мың теңге болады. Біз осындай стандарттарға ұмтылуымыз керек», - деді ол.
Басу