Mazir
12 дек 10:52korilim:375 Madeniet

Бұлақ басынан тұнады

Бүгін белгілі журналист, талантты ақын, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораштың 50 жасқа толып отыр. Біз осы орайда мерейлі той иесінің замандасы, белгілі ақын Нұрлан Қалқаның жазбасын беруді жөн санап отырмыз. 



Иә, досым туралы толғауыма тақырыпты осылай деп қоюымның өзіндік себебі бар. «Бұлақ басынан тұнады» деген даналық бар халқымызда. Қуат Қаһарманұлының мемлекеттік қызметтегі еңбек жолына қарап отырсам, ұстаздан жолы болған екен. Яғни қазақ зиялыларының қасында бекерге жүрмепті, олардың өнегесін алып, ел мүддесін қалай қызмет етудің әліппесін жадына тоқып, зердесіне түйіпті. Тұнып аққан ағалар бұлағынан дәм тату бақыты әу бастан-ақ оның пешенесіне жазылған көрінеді.

Алғаш оны Ақордаға қызметке аттай қалап шақырған мемлекет және қоғам қайраткері, аузы дуалы шешен, қазақтың маңдайалды тарлан тұлғасы Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің нақ өзі. Ол кезде Мұхаң Президенттің баспасөз қызметінің басшысы. Қуат болса, «Егемен Қазақстан» газетінің белсенді қызметкері, айы оңынан туып, жүрдек қаламынан шыққан сараптамалық мақалалары мен жолсапарлық очерктері бірінен кейін бірі оқырманға жол тартып, ел аузына ілігіп тұрған, орда бұзар отыздан жаңа асқан кезі. 2006 жылдың наурызында мемлекеттік қызметке бел шешіп, білек сыбана кірісіп кетті. Президент Баспасөз қызметінің сол кездегі жетекшісі Жанна Дулатқызының ұйымдастыруымен «Ақорда» президенттік сайтының жобасын алғаш рет жасап, қалай іске қосқандарын айтаса, қаншама ізденісте болғанына, қаншама тер төккеніне көз жеткізе түсесіз, қазір аңыз сияқты. Олай дейтінім, кейін Баспасөз қызметінде еңбек еткен жылдары «Ақорда» сайтының редакторы болдым. Сайт жұмысын жолға қоюдың қаншалықты қиын әрі жауапты екенін содан білемін.

Арада өткен екі жылда Қуат мемлекеттік қызметтің жауапкер­шілігін толық сезінді, бұрқыраған қазанында қайнады. 2007–2012 жылдары Президент Әкімшілігінің Әлеуметтік-саяси бөлімінде бас сарапшы, Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі болып, абыройлы қызмет атқарды. Бұл бөлім Президент Әкімшілігінің соғып тұрған жүрегі десек, артық айтпағанымыз. Еліміздің идеологиялық бағыт-бағдары осында белгіленіп, ірі-ірі саяси шаралар, мемлекеттік маңызды бастамалар осы бөлімнен бастау алады. Жұмыс – қай кезде де шаш етектен. Қызметкерлер болса, күндіз-түні, сенбі-жексенбі, тіпті мереке күндері де жұмысқа, әртүрлі шараларға белсене араласады, әсіресе, саяси науқандар кезінде жауапкершілік жүгі мүлде ауыр. Міне, біздің кейіпкеріміз соған қарамастан журналистік емін-еркін жүріп-тұратын шығармашылық ортаны қиып,көш басын мемлекеттік қызметке бір-ақ бұрды. Кез-келген журналист бара бермейтін батыл әрекет, нақты қадам.
 Айта кету керек, бұл бөлімде кезінде елім деген ел ағалары, қазақ қарасөзінің қаймағы, әдебиетіміздің көрнекті өкілдері ұзақ жылдар қызмет атқарды. Қуат Бораш солардың біразына шәкірт бола жүріп, тәлімін алды. Олардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткері, Президент Әкімшілігі Кеңесінің бұрынғы Бастығы Махмұд Қасымбеков, жазушылар, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Төлен Әбдік, Әлібек Асқар, белгілі журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, бүгінгі Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, кезінде Ішкі саясат бөлімін басқарған, бүгінгі Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Ардақ Досжан, т.б. бар.

Сонау студенттік кезден, КазҰУ-дің 5 жатақханасында тұрған кезі­мізден өзім жақсы білетін, кейіннен Са­рыарқада басымыз қайтадан тоқайласып,отбасымызбен аралас-құралас болып кеткеніміз былай тұрсын, бір-бірімізді көрген сәттен арқа-жарқа болып, шүйіркелесіп жататын іні-досым Қуаттың әсіресе, осы Ішкі саясат бөлімінде жүріп жақсы жағынан көп өзгергенін байқадым. Ісі тиянақты, сөзі салмақты, ойы терең, пікірі көңілге қонымды, қадамы ширақ, елдікті ту етіп көтерер қайраткерлік деңгейге өскеніне іштей қуандым. Себебі мемлекеттік қызмет атқарған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өзім талай жағдайды бастан кештім, аузын айға балаған, өзін құдайдан кем көрмейтін жас бас­шыларды, небір бастықтарды көрдік. Кейбірінің пендеуи қылығына төздік, бірақ ар-намысымызды таптатпадық. Мемлекеттік мүдде жолында азаматтық болмыс-бітімімізге, атқарған қызметімізге адал болдық, азаматтығымызға сызат түсірмедік, өшу, төмендей емес, қайта ширыға түсу, өсу үстінде болдық. Қуат та сондай азаматтардың қатарында болғанына тәубе. Әйтпесе, мемлекеттік қызмет сынынан сүрінгендер қаншама!

Қуат Бораш 2012 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және архивтер комитеті төра­ғасының орынбасары болып еңбек етті. Министрліктің жұмысы ауыр, жауапкершілігі мол, уақытпен санасу деген атымен жоқ. Бір маманның өзі бірнеше тапсырманы бұлжытпай орындау үшін тапжылмай еңбектенетінін сонда істейтіндер жақсы біледі. Негізі, жастарды мейлі неше тіл меңгерсін, мейлі «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдің мықты жоғары оқу орындарын бітірсін, соған қарамастан, ең әуелі министрліктер мен әкімдіктерде (аудандық, облыстық) бір-екі жыл жұмыс істетіп барып, жоғары жаққа (Президент Әкімшілігіне, Үкіметке, т.б.) қызметке алған жөн деп санаймын. Қуат Қаһарманұлы министрлікте, Президент Әкімшілігінде қызмет атқарған жылдар ішінде табанды, тиянақты, мықты маман, іскер басшы, қоғам, ел, мемлекет мүддесіне адалдықпен қызмет ететін мемлекетшіл азамат болып қалыптасты. Артық айтқаным емес, ой-санасы өсті, игі бастамаларға ұйытқы бола білетін, көпшілікке сөзі өтетін беделді тұлғалар қатарынан көріне бастады.

Одан кейін бес жыл Мемлекеттік хатшы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары жауапты лауазымын атқарды. Бұл – саяси қызмет. Осы жоғары қызметте жүріп Қуат Бораш Мемлекеттік Хатшы болып қызмет атқарған  көрнекті қайраткерлер, реформаторлар Марат Тәжин, Әділбек Жақсыбеков, Гүлшара Әбдіхалықова, Қырымбек Көшербаев, т.б. мектебінен өтті. Қаншама іс атқарылды, қаншама елдік жоба, жаңашыл бастамалар іске асты десеңізші! Соның барлығында да Қуаттың өз қолтаңбасы бар, маңдай тері, адал еңбегі сіңді! Сөзімен де, жазуымен де, ақыл-парасатымен де Мемлекеттік хатшылар қызметінің жемісті болуына өлшеусіз үлесін қосты!

Абзал ағаларымыз жарқын тұл­ғалар ғана емес, мемлекетіміздің мызғымастығына бар өмірін, жастығын, күш-жігерін  арнаған, елге қызмет етудің озық үлгісін салған бастау-бұлағымыз. Қуат Бораш осы бастаудан тұнып ішіп, өмірдің ащысын өн-бойында қалдырып, терең ойлары мен ақыл-парасатын жансерігі етіп, жастық жалынын халыққа қалтқысыз қызмет етуге жұмсап келе жатқан ардақты азамат, адал басшы, мемлекеттік қызметтің майталманы, «Құрмет» орденінің иегері.

2017–2019 жылдары Қуат Бораш Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы, 2019 жылғы наурыздан Мемлекеттік хатшы меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды. Бұл қызметтерде де Қуат ұдайы ізденіс үстінде болды. Жаңаруға ұмтылды, тың идеяларды ұсынуға тәжірибесін жұмсады, күш-жігерін салды. Әрине, оның біразын білгенімізбен, біразынан хабарымыз аз. Ол қанша жерден досымыз болғанымен, әркез жұмыс барысын айта бермейді. Әр қызметтің қыр-сыры, өз құпиясы бар. Дегенмен, Қуат Бораштың Тіл саясаты комитетін басқарып отырғанында көптеген іргелі істерге сіңірген еңбегін, әсіресе, жаңа үлгідегі латын әліпбиін әзірлеудегі қажыр-қайратынан хабардармыз. Бір-екі мысал. Республика көлемінде қазақстандықтар латын әліпбиінің сол уақыттағы жаңа нұсқасын қолданып, алғаш рет астанамыздағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында онлайн да, офлайн да эссе жазды. Бұл бастамаға өңірлердегі жұртшылықтың құлшыныс білдіруі нәтижесінде, эссе жазғандар саны бір мезгілде 3 миллиондай адам болды. Осы мемлекеттік іс-шараны ұйымдастыруға, оған көпшілікті тартуға және белсенділікпен өткізуге Қуаттың қосқан үлесі ерекше. Сонымен қатар кезінде өзі бас болып және көптеген қызметтестері бірауыздан қолдап, өз тектерін қазақы дәстүрімізге сай жазуларына ұйытқы болды. Осынау ісінен де Қуаттың мемлекеттік тілдің нағыз жанашыры екендігі әрі қайраткерлік болмысы айқын көрінетінін айта кеткеніміз жөн.

Қазіргі уақытта Қуат Бораш Архивтер және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы болып еңбек етіп келеді. «Архив – 2025» бағдарламасы аясында архив құжаттарының сақталуын қамтамасыз ету, оларды реставрациялау және электронды форматқа көшіру, басқа да қыруар шаралар қарқынды жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының қабылдауында болған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев республикада мұрағат қоймаларын жаңғырту мен цифр-ландыру жайында кеңінен баяндап бергенін ақпарат құралдарынан біліп отырмыз. Іске сәт дейміз.

Иә, «Бұлақ басынан тұнады» деп халық бекер айтпаған. Жоғарыда ат­тарын атап өткен тұғырлы тұлғалардың жолын ұстанып, тағылымын көріп, ақыл-кеңесін тыңдап өскен Қуат Қаһарманұлының ел мүддесі жолында аянбай қызмет етуінің терең сырын осы даналық сөз аясынан ұғынсақ керек. Досым Қуат ағалар ізімен жүріп өтіп, өз жолына түсті, тұнық бұлақты лайламады, құдды тұнып аққан тұма бұлақтай. Өзіне тән тұнық ағынмен өмір кемесінде алға қарай жүзіп келеді. 

Ылайым, тұнық бұлақ тұнып аға берсін!

Нұрлан ҚАЛҚА,
 ақын, Халықаралық «Алаш»
 әдеби сыйлығының лауреаты


Басу
Пікір қосу
ЕСІМІҢІЗ:
E-Mail:
Код:
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Құпияны енгізіңіз: