Mazir
31 окт 22:25korilim:2 336 Madeniet / kitaphana alemi

Қазақ баспа ісіне 100 жыл жақындап қалды, дайындық қалай?

Қазақ баспа ісіне 100 жыл жақындап қалды, дайындық қалай?

Тарихқа көз жүгіртсек, 1920 жылы 3-қарашада Қазақ АССР-і Орталық атқару комитеті «Қазақ мемлекеттік баспасын құру туралы» декреті қабылданыпты. Алғашқы қазақ баспасын құруға негіз болған бұл құжатқа биыл 99-жыл толып отыр. 

     Осылайша елімізде «Қазмембас» құрылып, газет-журналдар мен кітаптар басып   шығарып, елді ақпараттандыру саласында тікелей жұмыс істегенін ескерсек, қазіргі Ақпарат және комуникациялар министрлігінің қызметін атқарғанын да байқауға болады. Міне, осы айтулы датаға орай еліміздегі ЖОО арасында қарашаңырақ аталған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 85 жылдығы қарсаңындағы шаралар аясында журналистика факультеті «Қазақ баспа ісі: өткені мен бүгіні» атты алқасөз отырысын өткізді. Оның жұмысына еліміздегі бұрыннан келе жатқан «Қазақстан», «Жазушы», «Мектеп», «Жалын», «Атамұра», «Жазушы», «Қазығұрт», «Алматыкітап баспасы»  баспаларынан баспагерлер мен бас редакторлар қатысып, қазіргі жеткен жетістіктері мен кездесіп отырған қиыншылықтардан шығу жолдарын талқылады. Басқосуды ашқан журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы баспаларға керекті редактор, корректор және безендіруші мамандар дайындауда өздері атқарып отырған оқу процесіндегі жаңалықтарға  тоқталды. 

  • Жұмыс беруші ретінде Сіздерге қандай маман керек, оқу бағдарламамызға өзгеріс енгізуіміз қажет пе, ашып айтыңыздар,-деді.

Алғашқылардың бірі болып сөз алған «Қазақстан» баспасының бас директоры Әдия Садырова бүгінгідей басқосудың ұйымдастырылғанына ризашылығын айта отырып, қазіргі таңда көп баспа сауатты редактор, корректор және безендірушіге  зәру   екенін  баса айтты.

  • Елімізде филология, журналистика мамандығын оқытатын оқу орындары көп-ақ, соған қарамастан сауатты, білікті редакторлар аз. Мектепте 11 жыл, ЖОО 4 жыл оқыған маманды кемшіліктерімен күресіп жүріп, тағы ондаған жыл тәрбиелейміз. Бүгінде баспалардағы редакторлардың көбі зейнет жасындағы мамандар.

Бұл  мәселені одан ары қуаттаған «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев қазіргі қалыптасып отырған техниканың мүмкіндігі – гаджеттер мен интернет кітаптардың көбейуі дәстүрлі кітап оқу үрдісін төмендетіп отырғанын тілге тиек етті.

  • Сондықтан жақын жылдары мемлекеттік тапсырыс ала алмайтын майда баспалар жабылады. Ол тұрмақ мемлекеттік бағдарламамен шығып жатқан кітаптардың өзі кітапханалардан аспайды, жалпы оқырманға жетпейді. Сол үшін мемлекет бұрынғыдай мемлекеттік кітап дүкендерін ұйымдастыру керек. Баспаларды салықтан босатуды да қарастырсын. Әйтпесе баспа ісін мүлдем құрдымға кетіреді.

Алайда өз кезегінде сөз алған «Алматыкітап баспасы»   бас редакторының орынбасары Альмира Сужикова аталған мәселелермен келісе отырып, әріптестерін оптимист болуға шақырды.

  • Рас айтылған мәселелер бар, бірақ оның бәрінің шешімін табуға болады. Мен сіздерді халықаралық көрмелерге қатысуға шақырамын, сонда тәжірибе жинайсыздар. Жаңа идеялар туындап, жаңаша жұмыс істейтін боласыздар. Келесі жылғы 100 жылдық, мерекені лайықты атап өтуді ойласайық.

Әріптестерінің бұл пікірін «Атамұра», «Қазақ энциклопедиясы», «Мектеп» баспасынан қатысып отырған редакторлар қолдап, нәтижесінде осы алқасөздің қарары қабылданды. Үкімет пен заң шығарушы органдарға ұсынылатын бұл қарар қазақ баспа ісінің 100 жылдығын лайықты атап өту, баспаларды дамыту, оларға керекті білікті мамандар дайындау мәселелерін қамтыған оншақты ұсыныстан тұрады. Болашақта қарардың толық нұсқасын да сайтымызда жариялайтын боламыз.


Нұрболат Абайұлы, ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының баспасөз хатшысы
Басу
Пікір қосу
ЕСІМІҢІЗ:
E-Mail:
Код:
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Құпияны енгізіңіз: