Түркістан облысының басшылығы су басу апатынан келетін шығынның болжамын айтты.
«Қазіргі уақытта Фердоуси ауылындағы орта мектеп пен алты тұрғын үй су астында қалды. Ауыл ішіндегі су жолдарының бәрі арнасынан асып жатыр. Ұзындығы он метр, ені алты метр болатын, Жеңіс ауылына апаратын басты көпірді де су шайып кетті. Сондай-ақ, Нұрлыжол ауылындағы 28 гектар мақта алқабы да тасқын астында қалды.
Сонымен қатар, су тасқыны кезінде Жаңа жол және Еңбекші ауылдық округтерінің еншісіндегі 1682 гектар егін алқабы табылды. Әзірге жалпы шығын 181 миллион теңгеге бағаланып отыр. оның ішінде 1 480 га мақтаның құны – 148 млн теңге, 42 га жоңышқаның құны – 2,1 млн теңге, 150 га бақтың құны – 30 млн теңге, 10 га жүгерінің құны – 1 млн теңге. Сондай-ақ, төрт елді-мекенде 5 335 мал болғаны анықталды, оның 799-ы жапа шексе, 249-ы өлген. Қазір Мақтаарал ауданынан 46, Жетісайдан 10, Шардарадан бес, жалпы саны 61 мал дәрігері Жантақсай және Фердауси ауылдарынан түліктерді эвакуациялап жатыр», - деп жазылған хабарламада.
Мақтаарал ауданының басшылығы 2 243 адамды уақытылы эвакуациялап, Нұрлыжол және Фердауси ауылдарынан 415 үйдің 3 200 тұрғынын қауіпсіз жерге жеткізген.
Облыстық штаб басшысының орынбасары Сәкен Қалқамановтың айтуынша, су басу қаупі төрт ауылға төнген.
«Бұл 868 үйдің 4 624 азаматы су астында қала жаздады деген сөз. Бірақ уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесінде азаматтарды қауіп-қатерден құтқардық. Көрші аудандардан жұмыс күші мен көлік, азаматтарды уақытша орналастыратын орындар бөлінді», - дейді ол.
1-мамырдағы су бөгеті жарылғаннан бері 5000-нан астам ауыл тұрғындары баспанасын тастап қашып, бас сауғалауға мәжбүр болды. Мемлекет басшысы зардап шеккендерге мемлекет тарапынан көмек беруге бұйрық берді.
Басу