Mazir
11 апр 10:57korilim:371 Sayasat

Ақордада Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері қандай уағдаластыққа келді

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевті қабылдап, шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық, сауда-экономикалық, гуманитарлық-мәдени байланыстырды тереңдету, сонымен қатар халықаралық және өңірлік күнтәртібіндегі өзекті мәселелер жан-жақты талқыға салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шағын құрамдағы жылы жүздесу

Мәртебелі мейманды Ақорданың Салтанатты рәсімдер залында қошеметпен қарсы алу іс-шарасы аяқталғаннан кейін Президенттер бірден шағын құрамдағы келіссөз жүргізуге өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруын қабыл алып, Астанаға ресми сапармен келгені үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.

«Былтыр тамыз айында мен Бакуге сапармен бардым. Бұл сапарым аса нәтижелі болды және екіжақты қатынастарға тың серпін берді. Қазір президенттердің екі ел үкіметіне берген тапсырмаларының орындалу барысын пысықтау қажеттілігі туды. Әзербайжан мен Қазақстан – бауырлас әрі достас мемлекеттер. Біздің тарапымыздан сауда-экономика және инвестиция салаларындағы жан-жақты ынтымақтастықты, сондай-ақ екіжақты форматтағы және халықаралық ұйымдар аясындағы саяси қарым-қатынасты дамыту үшін барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Біз Кавказ аймағында жетекші рөл атқаратын Әзербайжан мемлекетімен экономикалық қатынастар мен ынтымақтастықты дамыту үшін ауқымды жұмыс жүргізуді көздеп отырмыз. Біздің арамызда ешқандай мәселе жоқ. Тек қана осы бағытта алға ілгерілеуге деген ниет қана бар», – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына арнайы шақырғаны және қонақжайлығы үшін алғыс айтты.

«Гейдар Әлиевке көрсеткен құрметіңіз үшін бүкіл Әзербайжан халқының және жеке өз атымнан ризашылығымды білдіргім келеді. Жалпы, біз барша Қазақстан халқының елімізге деген ыстық ықыласын әрқашан сезініп келеміз. Әзербайжанға ресми сапарыңыз барысында осындай тілеулестікті Сіз де байқадыңыз деп ойлаймын. Біздің ресми сапарлар аясында жиі кездесуіміз осы қарым-қатынасымыздың сипатын аңғартады және ұдайы байланыста болу қажет екенін көрсетеді. Өзіңіз айтқандай, біздің елдеріміздің бір-біріне деген бауырластық ниеті шынайы. Бұл – екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жақсы негіз. Ынтымақтастық бағыттарына келетін болсақ, оларды санамалауға біраз уақыт кетеді. Өйткені ол қоғамның барлық саласын қамтиды. Әрине, қазіргі жағдайда сауда-экономикалық және инвестициялық жобалар, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымға қатысты жобалар басымдыққа ие», - деді Ильхам Әлиев.


Кеңейтілген құрамдағы келіссөзде қандай мәселелер көтерілді

Ал кеңейтілген құрамдағы келіссөзді ашқан Қазақстан Президенті Әзербайжан біз үшін тек сенімді әрі маңызды серіктес қана емес, сонымен бірге бауырлас, жақын мемлекет екендігіне ерекше тоқталды.

«Санғасырлық достықтың мызғымас байланысына, өзара қолдауға арқа сүйей отырып, бүгінде стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында дамып келе жатқан мемлекетаралық тиімді ынтымақтастықты қалыптастырдық. Елдер арасында белсенді, сенімді саяси диалог орнаған. Үкіметтік деңгейде үйлесімді жұмыс жүргізіліп, көпжақты алаңдар аясында сындарлы өзара іс-қимыл жүзеге асырылуда», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекет арасында қомақты шарттық-құқықтық база қалыптасқанын, яғни 90-нан астам құжатқа қазірдің өзінде қол қойылғанын атап өтті.

«Өткен жылы біз стратегиялық өзара қарым-қатынасты нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы декларацияға, сонымен қатар 2026 жылға дейін ынтымақтастықты дамыту кешенді бағдарламасына қол қойдық. Бүгінде бірқатар маңызды құжат қабылданады»., - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, екі елдің сауда-экономикалық байланысында айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Мәселен, өткен жылы тауар айналымы 40 пайызға артып, жарты миллиард долларға жеткен.

«Экономикалық әлеуетімізді мүмкіндігінше толыққанды ашып, бұл көрсеткішті 1 млрд долларға жеткізе аламыз деп сенемін. Бұл үшін бізде энергетика, көлік, логистика, ИТ, ауыл шаруашылығы өнеркәсіп және басқа да салаларда байыпты қор бар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазақ-әзербайжан халықтарының мәдени байланыстарына да айрықша тоқтала келе биыл Әзербайжанда Қазақстанның мәдени күндері өтетіндігін, бүгін елордада Гейдар Әлиев атындағы көше ашылып, оның өміріне арналған «Ғазиз ғұмыр» деректі фильмінің тұсауы кесері болатындығын айтты.


«Елдеріміздің достығы мен өзара қолдауының жарқын дәлелінің бірі қазақ халқының Әзербайжанға – Фезули қаласында Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығын сыйға тартуы болмақ. Маған аталған орталықтың құрылысы барынша жылдам қарқынмен жүргізіліп жатқанын айтты. Меніше, таяу арада осынау маңызды нысанның жұмыс істей бастағанын көреміз. Біз мұнан ары да жан-жақты гуманитарлық байланысты дамытуға, ортақ рухани құндылықтардың асыл қазынасын байытуға нық ниеттіміз», - деді Президент.

Осы орайда Әзербайжан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Физулиде салынып жатқан Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығының ашылуына шақырды.

«Өзімнің және барша Әзербайжан халқының атынан Гейдар Әлиевті құрмет тұтуларыңызға, оның есімімен Қазақстан астанасының орталық көшелерінің бірін атағандарыңыз, әкемді және Әзербайжан халқының ұлы көшбасшысын құрмет тұтқандарыңыз үшін тағы да ризашылығымды білдіргім келеді. Сонымен қатар азат етілген Қарабақта Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығын салу туралы жеке шешіміңіз үшін де алғысымды білдіремін. Іс жүзінде құрылыс қазірдің өзінде өте қарқынды жүргізіліп жатыр және осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізді аталған орталықтың ашылуына шақырамын», - деді ол.

Оның пайымынша, аталған орталық екі халықтың достығы мен бауырластығының жақсы нышаны болмақ.

«Өйткені, бізге қираған инфрақұрылымды, оның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр және де бауырлас Қазақстаннан мұндай бастама бүкіл әзербайжандықтарда зор ризашылық сезімін тудырары сөзсіз», - деді Ильхам Әлиев.

Президенттер бірлескен мәлімдеме жасады

Кеңейтілген құрамдағы келіссөзден кейін 6 құжат рәсімделіп, сонымен қатар Мемлекет басшылары бірлескен мәлімдемеге, Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесін құру туралы хаттамаға қол қойды. Осыдан кейін Президенттер БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.

«Бүгін өткен толықформатты келіссөздердің нәтижелерін жоғары бағалаймын. Бұл екіжақты байланыстарды жан-жақты нығайтуға деген өзара көзқарасымызды тағы да растады. Біз сенімді жағдайда ынтымақтастығымыздың барлық аспектісі бойынша пікір алмастық. Екі елдің өзара іс-қимылын одан әрі тереңдетудің перспективалары мен бағыттарын талқыладық. Біздің ортақ күш-жігеріміздің арқасында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары одан да ашық әрі жан-жақты сипатқа ие болды. Саяси және сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жанданды», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысы келіссөздер барысында энергетика саласындағы ынтымақтастықты ұлғайтуға да баса назар аударылғанына тоқталды.

«Бүгінде әлемдік нарыққа энергия ресурстарын жеткізуді одан әрі әртараптандыру біздің басым міндетіміз саналады. Өздеріңіз де білетіндей, биыл біздің уағдаластығымыздың арқасында Әзербайжан арқылы қазақстандық мұнайдың бірінші партиясы жөнелтілген болатын. Келесі қадам – жеткізу көлемін арттыру және оған ұзақмерзімді тұрақты сипат беру», - деді Президент.

Мұнан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжан экспорттық-импорттық тауарлар тізілімін одан ары кеңейту үшін пәрменді іс-шаралар қабылдауға уағдаласқанынатап өтті.

«Біз өткен жылдың қорытындысында елдеріміз арасындағы тауар айналымы жарты миллиард долларға жуықтағанын қанағаттанушылықпен атап өттік. Дегенмен, сауда-экономикалық серіктестік әлеуі әлі түгескен жоқ. Біз экспорттық-импорттық тауарлар тізілімін одан ары кеңейту үшін пәрменді іс-шаралар қабылдауға уағдаластық», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ақпараттық технологиялар саласында кооперацияны күшейтудің келешегі бар екендігіне тоқталды.

«Қазіргі уақытта Каспий табанында байланыстың талшықты-оптикалық желісін төсеу жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жобаның стратегиялық маңызын ескере отырып, оны уақтылы іске қосуды қамтамасыз етуді тапсырдық. Бұған қоса, әзербайжандық серіктестерді мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, қазақстандық ІТ-стартаптар алаңдарын пайдалануға шақырдық», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіп, тоқыма, агроөнеркәсіп, құрылыс салаларында ірі кәсіпорындарды бірлесе ашуға болатындығына, осыған орай екі елдің Үкіметтеріне іске қосу үшін ірі жобаларды айқындау тапсырылғанына тоқталып, ауыл шаруашылығы саласында да өзара ынтымақтастық үшін әлеуеттің зор екендігіне назар аудартты.

«Өткен жылдың қорытындысында агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің екіжақты сауда-саттық көлемі 3 есе артып, 146 млн долларды құрады. Осылайша, бүгінде ауыл шаруашылығының үлесі біздің жалпы тауар айналымының үштен біріне тиесілі болып отыр. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізуді одан ары ұлғайтудың маңыздылығын атап өттік», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президенттің атап өтуінше, екі елдің бейінді министрліктеріне академиялық ұтқырлықты қамтамасыз етуге барынша жәрдемдесу, бірлескен білім және ғылыми жобаларды ұйымдастыру тапсырылған.

«Сондай-ақ келіссөздер барысында Әзербайжандық кабельді операторлар желісінде қазақстандық телеарналар хабарын тарату уағдаластығын жүзеге асыру маңыздылығы аталып өтілді», - деді Мемлекет басшысы.


Сөз соңында Мемлекет басшысы Қазақстан Әзербайжан мен Армения арасындағы өзара қатынасты дипломатиялық жолмен реттеуді жақтайтындығын баса айтты.

«Бүгін халықаралық күнтәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу болды. Қазақстан мен Әзербайжан түрлі көпқырлы құрылымдар аясында жемісті өзара іс-қимыл жасайды. Халықаралық және өңірлік көптеген өзекті мәселелер бойынша ұқсас ұстанымды ұстанады. Осы тұрғы Қазақстан Әзербайжан мен Армения арасындағы өзара қарым-қатынасты дипломатиялық реттеуді дәстүрлі түрде жақтайды. Сонымен қатар бейбіт шартты тезірек жасасу бойынша күш-жігерге қолдау білдіреді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Брифинг барысында Ильхам Әлиев Қазақстанмен сауда және өнеркәсіп салаларындағы екіжақты қарым-қатынасты дамытуға тоқталды.

«Сонымен қатар біз өнеркәсіптік кооперациямен байланысты мәселелерді де талқыға салдық. Экспорттық-импорттық операциялар тізілімін, оның ішінде экспорттық-импорттық әлеуетті одан ары жүзеге асыруға арналған тапсырыстарды кеңейту мәселелері бар», - деді Ильхам Әлиев.

Оның атап өтуінше, екі елдің арасындағы тауар айналымын арттыруға қатысты цифрларды шынайы түрде жүзеге асыруға болады.

«Әрине, біз бір-біріміздің инфрақұрылымызды, өнеркәсіптік әлеуетімізді толықтыра түсуіміз қажет. Бір-бірімізге жеткізу арқылы тауар айналымын арттыра аламыз. Бүгін ортамерзімді келешекте тауар айналымымызды 1 млрд долларға жеткізу туралы цифр жария етілді. Меніңше, мұны қол жеткізілген уағдаластықтар аясында толықтай жүзеге асыруға болады. Оған қысқа ғана уақыттың ішінде қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Ең бастысы ынтымақтастықты нығайтуға ортақ өте позитивті ниет бар», - деді Әзербайжан Президенті.

Елордада Гейдар Әлиев көшесі ашылды

Ақордадағы кездесулер кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Астананың орталығындағы Гейдар Әлиев атындағы көшені салтанатты түрде ашты.

Президент өз сөзінде Гейдар Әлиевтің күрделі кезеңде ел билігін қолға алып, Әзербайжанның мемлекеттілігін нығайтуда зор рөл атқарғанын атап өтті.

«Гейдар» есімі «алдыңғы шепте жүруші» деген мағына береді. Мұның символдық мәні бар. Оны қазіргі қарқынды даму жолына түскен Әзербайжанның архитекторы десек, артық айтқандық емес. Оның салиқалы басшылығымен Әзербайжанда елеулі саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жасалды. Ел қиын кезеңдерді еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсті. Әлемдік қоғамдастықтың беделді мүшесі болды. Шын мәнінде, Гейдар Әлиев есімі Әзербайжанның нағыз брендіне айналды. Оның өмір жолы – ұлтқа адал қызмет етудің жарқын үлгісі», – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев біздің елімізге ресми сапары аясында осындай керемет тарихи сәтке куә болып отырғанына қуанышты екенін жеткізіп, Гейдар Әлиевтің тәуелсіз Әзербайжан мемлекетінің қалыптасуындағы тарихи рөліне тоқталды.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы Гейдар Әлиевтің бауырлас қазақ халқына деген ықаласы мен сүйіспеншілігі ерекше болғанын айтты. Расында, солай. Мен бұған куәмін. Ол қазақтардың салт-дәстүрін, мәдениетін жақсы білетін және көп ғасырлық тарихына құрметпен қарайтын. Ол қазақтар мен әзербайжан халқының бауырластығын жоғары бағалады. Сондай-ақ ол түркі әлемін одан әрі біріктіру үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Біз бүгін түркі әлемінің бірігіп, халықаралық аренада беделді және ие қуатты ұйым құрғанына куә болып отырмыз. Бұл – Гейдар Әлиевтің де еңбегінің жемісі», – деді Әзербайжан Президенті.

Салтанатты рәсімнен кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Астана қаласындағы Ботаникалық бақта ағаш отырғызды.

Ильхам Әлиев елімізге ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге «Астана» халықаралық қаржы орталығын аралап көрді.

Мемлекеттер басшылары АХҚО-дағы Халықаралық соттың жұмысымен танысты. «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының тіркеушісі және аппарат жетекшісі Кристофер Кэмпбелл-Холт Орталық Азиядағы ағылшын құқығы нормалары мен қағидаттарына негізделген ең алғашқы сот жүйесі туралы баяндады. Ол соттың АХҚО-дағы азаматтық және коммерциялық дауларды шешу үшін ең үздік халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтінін жеткізді.

Іс-шара соңында Әзербайжан Президенті «Астана» халықаралық қаржы орталығының Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.


Басу
чем причастие является в предложении http://mirtetriks.ru от того что или оттого что http://fokusblog.ru пудовая гиря это сколько кг http://www.webgraal.ru кто главный герой рассказа конь с розовой гривой http://www.sigmablog.ru что случилось с домом параши медный всадник

Пікір қосу
ЕСІМІҢІЗ:
E-Mail:
Код:
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Құпияны енгізіңіз: