Еліміздің бас шаһарларына карантин жарияланғалы бір ай уақыт өтті. Коронавирус эпидемиясын ауыздықтауға қанша күш салынса да, сандардың азайғаны байқалмай тұр. Мемлекет басшысы мен Денсаулық сақтау министрі де індеттің шарықтау шегіне енді жетеміз деп отыр.
Қазақстандықтар Төтенше жағдай кезінде табысын жоғалтқандар үшін төленетін 42 500 теңге көлеміндегі мемлекеттік жәрдемақыға қанағат қылмақ па? Саясаттанушылардың пікірінше, бұл көрсеткішті кем дегенде екі есе ұлғайтып, жалпыхалықтық көмек ретінде таратқан дұрыс.
Карантиннен кейін экономика бұрынғы соқпағына түсіп, дөңгеленіп жүре береді дегенге сенетіндер аз. Ең ауыр тежегіштердің бірі – мұнай бағасының арзандауы мен шикізат өндіру көлемінің қысқартылуы. Расында, сұйық отынның экспорты арқасында күн кешіп отырған ел үшін бұл – ауыр сынақ.
Bairaq.kz ақпараттық-сараптамалық порталы осы ретте көптің көкейіндегі сұрақтарды белгілі экономист Бауыржан Ысқақов мырзаның назарына ұсынды.
«Карантин біздің экономиканың қай тұстары форс-мажорға төтеп бере алмайтынын, қай тұсы осал екенін, қай тұсы сыртқы факторларға тәуелді екенін көрсетіп берді. Бірінші кезекте біз өзіміз шығаратын тұтынушылық тауарлардың көлемін 70 пайызға дейін жеткізуіміз керек. Қазіргі көрсеткіші – 14-15 пайыз. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 60 пайызға дейін жеткізуіміз керек. Оның қазіргі деңгейі – 21-22 пайыз. Біз осы уақытқа дейін импорттық һәм арзан тауарлармен қамтамасыз етіліп келген экономиканы бұлай жүргізуге болмайтынынан сабақ алуымыз керек. Қазір Ұлттық қордан 10 млрд. доллар бөлдік, шетелден 3 млрд доллар алдық. Індеттің тағы қайталанбасына немесе бір айдан кейін тоқтай қалатынына ешкім кепіл емес. Ауыл шаруашылық өнімдерін, жеміс-жидекті, дәрі-дәрмекті, жалпы қажет тауардың барлығын өзіміз өндіретін жағдайға жетіп, еліміздегі кәсіпорындарға нарықтан орын беруіміз керек, қолдауымыз керек. Ең бастысы – біз шикізат базасынан өндіруші мемлекетке айналуымыз қажет», - дейді экономист Бауыржан Ысқақов.