Елжан Біртановтың орынына тағайындалған Алексей Цойдың жұмысы көпшіліктің көңілінен шықты. Жаңа министрдің төрт апталық локдаун жобасы нәтиже беріп, ресми статистикадағы науқастар саны азайып келеді.
Цой Қазақстандағы коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмония статистикасын да жүргізуді қолға алған. Бұл процесс 1-тамыздан бастап жүзеге асып келеді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында тәуліктік және жалпы қорытынды статистикалар жарық көреді. Өткен тәуліктегі пневмония ахуалы көңіл көншітпейді.
Бейбіт күнде берекені алған індет – коронавируспен жағаласқан пневмония бір күнде 17 азаматтың өмірін қиыпты. Бұған 1 102 жаңа науқасты қосыңыз. Ал 1-тамыздан бері елімізде пневмониямен ауырған 12 110 адам тіркеліп, 137 науқас көз жұмған.
Коронавирус инфекциясы да мыңнан астам қазақстандықтың өліміне себепкер болды. Өткен тәулікте 907 адам коронавирус жұқтырыпты. Көрсеткіш азайды деп қуансақ та, 24 сағаттың ішінде инфекцияның 29 адамды о дүниеге аттандырғанын біліп қайта шөгіп қаламыз.
Қазақстанда коронавирус анықталған күннен бері 1 218 адам осы індеттің құрбаны болған. Ал 1-тамыздан бастап 137 адам пневмониядан қайтты. Пневмония статистика жүргізілген уақытқа дейін қанша шаңыраққа қайғы әкелгені беймәлім.
Қос індет қапталдай шауып, ірге еңсеріп барады. Кімің бар тоқтау салар?!
Басу