Қазақстан Республикасының бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы белгілі журналист Нартай Аралбайұлының YouTube арнасына берген сұхбатында бірқатар саяси жаңалықтарға шолу жасап өтті.
Нартай Аралбайұлы экс-министрдің кабинетіне кіргенде CNN арнасының қосылып тұрғанын көргенін айтып, спикерден АҚШ-тағы президент сайлауында кімнің жеңгенін қалайтынын сұрады.
«Мен, әрине, көпшілік секілді Дональд Трамптың жеңгенін қалаймын. Ол халықаралық сауда айналымында көптеген санкциялар жасау арқылы келісімдердің дұрыс орындалмай келгенін ашты. Оның саяси ұстанымдары Қазақстанға оң нәтиже беретініне сенімдімін. Трамп – ержүрек адам», - деді ол.
Журналист Арыстанбек Мұхамедиұлынан Трамп пен Елбасының қайсысы мықты екенін сұрап, астарлы сауал тастаған еді.
«Сіз бен біздің сұхбатымыздың бір көрінісі – Қазақстан саясатының ерекшелігі. Кез келген мемлекет Қазақстанның имиджіне қарайды. Қазақстанның имиджі – Елбасы. Сізге мысал ретінде айтайын, бұрында 1989 жылдары Армения мен Әзірбайжан арасында қақтығыс болғанда, еш қорықпай Қарабаққа ұшып барып, соғыстың тоқтауына дәнекер болды. Түркия мен Ресей арасында қақтығыс ұшқындап келе жатқанда да Елбасы оларды татуластырды. Біздің Елбасы ержүрек, дара тұлға деп сеніммен айтады», - деп жауап берді А.Мұхамедиұлы.
Журналистің сұрағына қарай Арыстанбек Мұхамедиұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқеавтың Тұңғышбай Жаманқұловты қабылдауына қатысты пікірін білдірді.
«Ол бір шетінен дұрыс. Енді, былайынша айтқанда, әр адамның өз көзқарасы бар. Мүмкін, жаңағы сондай жағдайға ұшырағаннан кейін қоғам назарынан тыс қалды, өнер адамы рухтансын, сізді қолдайтын да адам бар деген себеппен. Мемлекет басшысы бір жақты ұстанымда емес, жан-жақты ұстанымда болуы тиіс. Президентті ол жағынан толығымен қолдаймын. Кімнің кім екенін уақыт көрсетеді. Өтіріктің бәрі ашылады», - деді экс-министр.
Басу