Mazir
29 янв 10:32korilim:1 152 Sayasat / Onir tynysy

Атыраудың автобустарын Ақтау асырған кім?


Әлеуметтік желіде Атырау қаласында жолаушылар тасымалы үшін алынған автобустар Ақтау қаласында төбе көрсеткені туралы ақпарат желдей есіп жүр. Бұл туралы белгілі журналист Жеңіс Құспан зерттеу жүргізіп, қорытындысын желідегі парақшасына жариялады. Анығын кім біледі?

Атырау халқына екі жыл қызмет еткен автобустарды әлеуметтік жоба аясында «Теңізшевройл» компаниясы қала тұрғындарына сыйға тартқан екен. Бірақ Атырауға метан газымен жүретін жаңа автобустардың алынуына байланысты мұнай компаниясының сыйлығы көрші облысқа сатылған. 

Метан газымен жүретін жаңа автобустарға қала халқы қуанғанымен, төңіректегі елді-мекендерге жетіспей жатқан қоғамдық көліктердің сатылғанына наразылық білдіруде. 

Желідегі сөз Жайық жағасындағы шаһар басшылығының да құлағына жетіпті. Әкімдік бұл ақпаратқа қатысты мынадай пікір білдіріпті: 
«Желіде талқыланып жатқан автобустарды «Теңізшевройл» ЖШС сатып алып, Атырау облысының әкімдігіне сыйлаған. Өз кезегінде аймақ әкімдігі автобустарды «СПК Атырау» АҚ меншігіне тапсырды. 
ANKAI маркалы автобустарды 2019 жылдың шілде айында «СПК Атырау» АҚ 4 жыл бойы бөліп төлеу шартымен 1 426 532 800 теңгеге сатқан. Сатып алған автопарк – «Akzhayik Avtopark» ЖШС жеке мекеме ретінде ай сайын 30 автобус үшін 27 625 000 теңге көлемінде қаражат төлеп тұрады. 
Атырау қаласындағы маршруттар желісін кеңейтіп, маршрутаралық интервалды қысқарту мақсатында 2020 жылы Yutong ZK маркалы 170 автобус (160 қалаішілік, 10 қала маңындағы) сатып алынды. Бұл автобустар экологиялық жанармай – метанмен жүреді. Жалпы суммасы 7 569 200 000 теңгені құрайтын автобустар үшін автопарк ай сайын «БРК-Лизинг» АҚ тарапына 139 626 895 теңге төлеп тұрады. 
Осылайша, қазір автопарк құзырында 190 қалаішілік және 10 қала маңына қатынайтын автобус бар. Автопарк бұл көліктер үшін ай сайын 167 251 895 теңге төлейді. 
2020 жылы автопарк карантин шектеулері салдарынан жолаушылардың азаюына байланысты ай сайынғы міндетті төлемдерді өтей алмаған. Ай сайынғы төлемдердің 27 625 000 теңге көлеміндегі бөлігін жабу мақсатында ANKAI маркалы 30 автобус Ақтау қаласындағы «Каспий Авто Парк» ЖШС тарапына ЖАЛҒА берілген. Осылайша, жалға алған тарап ақшаны бізге төлейді, бізге түскен қаражат автопарктың қарызын төлеуге жұмсалады. Ал автобустар қала балансында сақталады, егер қажеттілік туындаса кез келген уақытта оларды қайтарып ала аламыз». 
Ал Маңғыстау облысының әкімдігі өңір тұрғындарынан 30 бірдей жаңа автобустың сатып алынғандығы туралы хабарды сүйіншілеген. Аймақтағы «Лада» интернет-ресурсының 21.01.2021 жылғы ақпаратына сүйенсек, аймаққа жаңа автоустар САТЫП алыныпты. 
«Ақтау қалалық қоғамдық көлік автопаркы 30 жаңа автобуспен толықты. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 
Ankai маркалы 30 автобусты №1, №4М және №5 бағыттарына қоспақ. 
- Автобус паркін жаңарту жөніндегі жоба «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірге жүзеге асырылуда. Жаңа автобустар «Қазақстанның Даму Банкінен» лизингтік бағдарлама бойынша САТЫЛЫП алында, - деп мәлімдеді Маңғыстау облысының әкімдігі. 
Жаңа автобустар құны туралы ақпарат жоқ. өткен жылы қазан айында Ақтау автопаркі 18 жаңа автобус сатып алған. Олардың әрбірі 40,1 миллион теңге тұратын». 
Екі аймақтың ортақ мүлігіне айналған автобустар туралы екі бірдей ақпарат бар. Ал ең қызығы – қалаға сыйға тартылған автобустарды «СПК Атырау» АҚ сатып жіберуі. Көрші жатқан қос өңірдегі қоғамдық көліктер туралы нақты ақпаратты кім береді?!
Басу
Пікір қосу
ЕСІМІҢІЗ:
E-Mail:
Код:
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Құпияны енгізіңіз: