Ashyq-тың атына заты сай ма?
немесе жұртшылықтың жолын жапқан Ashyq қосымшасы туралы көптің пікірі
Бірнеше күннің көлемінде әлеуметтік желіде Ashyq қосымшасының қажетсіз дүние екендігі, жол бөгейтіні және адам құқығын бұзатыны туралы бірнеше пост жарияланды. Осы мазмұндағы әрбір постқа мыңдаған пікір жазылды. Және қызығы – сол пікірлердің түгелге жуығы қосымшаны қажетсіз деп санайтын адамдарға тиесілі екені.
Қайдан шыққан қосымша?
Ashyq – ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің елдегі эпидемиологиялық ахуалды бақылау мақсатында жасаған пилоттық жобасы негізінде іске қосылған қосымша.
Қазір қоғамдық тамақтану орындарының, әуежайлардың, темір жол вокзалдарының ішінде осы қосымшадан өткізуді міндеттеуде. Бұл қатарда адамдар көп жиналатын барлық мекемелер бар. Қосымша қалай жұмыс жасайды?
Ashyq қосымшасы ПТР-сынамасын тапсырған азаматтардың қорытындысы жинақталған база негізінде жұмыс істейді. Егер сынамада сізге оң нәтиже берілген болса, сіздің қосымшадағы статусыңыз қызыл түсті көрсетеді. Демек, сіз ешқандай қоғамдық орынға кіре алмайсыз.
Ал коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен байланыста болған азаматтардың сары түсті қалай анықталатыны белгісіз. Жасыл түстің анықтамасын өздеріңіз де түсініп отырсыздар.
Біріншіден, Ashyq қосымшасы ПТР-сынама тапсырған азаматтардың нәтижелері жинақталған базаны алу арқылы дәрігерлік құпияны белден басып отыр. Иә, рас, қосымшаға кірерде ең төменгі тұста орыс тілінде жазылған «Я согласен с условиями сервиса» деген растайтын орын бар.
Бұл жерде де адамдардың құқығын бұзу фактісі бар екенін атап өтуге болады. Келісім беру туралы ақпарат тек орыс тілінде ұсынылған. Қазақша нұсқасы көзге түспеді.
Сол жерде аталмыш Келісімнің 4 тармағында ақпараттарды қосымшаға беру және оларды өңдеу ешқандай Заңды бұзбайтынын атап көрсетеді. Мұның жөн-жапсарын жұртшылыққа ешкім түсіндірмегенін тағы атап өтейік.
Екіншіден, Ashyq қосымшасы негізге алатын ПТР-сынамаларының жарамдылық мерзімі – 3 күн. Егер азамат ПТР-сынама тапсырып, сынама қорытындысының жарамдылық мерзімі өткеннен кейін инфекция жұқтырса, онда қосымшаның ешқандай тиімділігі болмайды деген мазмұнға саяды.
Әуежайдағы әуре-сарсаң
Бүгінде еліміздегі әуежайларда Ashyq қосымшасы жұмыс істеп тұр. Бұл қосымшаның пилоттық жоба аясында істелгенін ескерсек, оны барлық жолаушыларға міндеттеу қаншалықты заңды?
Сондай-ақ, Ashyq қосымшасын іске қосып отырған компания да, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі де әуежайға өте алмаған азаматтардың билет құнына қатысты жауапкершілік алмайды.
Ashyq қосымшасындағы статусы әуежайға кіруге жарамды болмаған жағдайда күйіп кететін билет құны жөнінде жолаушының өзі әуе компаниясына жүгінуі шарт екен. Бұл қаншалықты заңды?
Республикалық Қазақстан тұтынушыларының Ассоциациясы 9-мамыр күні әлеуметтік желіде Ashyq қосымшасына қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады.
Ашық хатта келесі мәселелер қамтылған:
1. ҚР Заңдарында азаматтардың жеке смартфондарына қандай да бір бағдарламаны көшіріп алуға міндеттейтіні туралы көрсетілмеген. Ал Ashyq бағдарламасының жеке смартфонда болуы қолында смартфоны жоқ адамдардың дискриминацияға ұшырауына әсер етеді.
2. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 7-бабында азаматтар өздеріне қажетті тауарлар мен қызметтерді таңдауына сәйкес қана алады.
3. Азаматтарды Ashyq қосымшасын жазып алуға міндеттеу арқылы қосымша ұсынатын келісімді мақұлдайтынын көрсетуге итермелеу. Бұл «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 8-1-бабын өрескел бұзады.
Егер жолаушы азамат вакцинаның екі дозасын да ектіріп, бірақ Ashyq қосымшасын қолданудан бас тартса, ол әуежайдың табалдырығынан аттай алмайды.
Демек, «Digital Innavation and transformation» ЖШС әзірлеген Ashyq қосымшасы Қазақстан Республикасының заңдарына томпақ келетін әрекеттерді жүзеге асырып отыр. Бұл әрекеттерді орындауға екі бірдей министрлік пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы рұқсат беріп отыр...
Сурет: Inbusiness.kz
Басу