Mazir
17 дек 00:15korilim:527 Qazaqstan / Arhiv alemi / Adebiet

«Тарих толқынындағы хаттар»: Алтын Орда хандарының хаттары

Қарт тарихтың бұрмаланбаған кезі жоқ, сірә... Бір ғана оқиғаның айналасынан бірнеше жылнамашы-тарихшының қауырсын-қаламсабымен тәпсірленген деректер табылады. Ал хат – оқиғаның нақты қалай өрбігенін, қалай өткенін айғақтайтын сенімді құжат.

Bairaq.kz порталы осындай ұлық датадан бастап Алтын Орда дәуірінен тартып, күні кеше өмірден өткен қазақ марғасқаларының жазған һәм алған хаттарын жүйелеп, «Тарих толқынындағы хаттар» жобасы ретінде оқырман жұртшылық назарына ұсынбақ. Тұсаукесер тақырып – «Алтын Орда хандарының хаттары». 
***
Мемлекет деңгейіндегі хаттарға қойылатын талап ортақ: саяси білімділік, адресатқа бағытталатын орынды сөз, жинақылық және нақтылық. Хат жазу дәстүрінің қай дәуірден бастау алғаны туралы сан қилы дерек бар. Десек те, біз мақалаға арқау еткелі отырған ғалымдардың дені саяси хат стилі Алтын Орда дәуірінде толық қалыптасқанын, қалыпты жағдайға айналғанын дәлелдейді. Осыны ескерсек, хат жазу үрдісі тарихтағы Алтын Орда дәуіріне дейінгі кезеңдерде басталып, сатылы түрде дамығаны анық байқалады. 
«Ұлық таққа отырған билігімді аңғартып білдіру үшін Құтлы Бұқа, Хасан бастаған елшілерді жіберген едік. Сен (де) тағы елші-тілшіңді бізге жіберген едің. Бұрынғы жылы Бекболат, Қожамедин бастаған бірнеше оғлан-бекзадалар Бекіш, Тұрдұшақ, Берді, Дәуіт бастаған бектер Едіге атты кісіні Темірге алдын ала (астыртын) шығарып жіберіпті. Ол тіл тіл-хабарымен келген екен. Олардың алабөтен көңілі жайында және тыңшы енгізіп, ел шекараларына жетіп келгендігі білініп, ел жиналып соғыспақшы болып тұрғанда, ол жаман кісілер бұрынырақ сезіктенгендіктен, ел соғысқан еді, ол істің соңы тағы сол кездерде (солай) болған себебі сол еді. Тәңір бізді жарылқап дұшпандық қылған Бекболат, Қожамедин, Бекіш, Берді, Тұрдұшақ, Дәуіт бастаған бектерді мұқалтты. Енді бұл жайтты түсіндіріп білдіру үшін Асан, Тұлұ, Қожа бастаған елшілерді жібердік».
Бұл – Жошы хан әулетінен тарайтын, Маңғыстауда билеуші болған Тұй Қожа оғланның баласы, отыз жасында таққа отырып Алтын Орданы жиырма жылға жуық билеген Тоқтамыс ханның Польша королі Владислав ІІ Ягеллоға 1393 жылдың 20-маусымында жазған хаты. Хаттың түпнұсқасы Польшадағы Көне актілер бас мұрағатында №5612 деген нөмірмен сақтаулы тұр. 

Тоқтамыс бұл хатында өзінің жаңа жарғы қабылдайтынын, кейбір келеңсіздіктердің орын алғанын, өз бектерінің арасынан сатқын шығып мемлекет құпиясы ашылғанын және оларды қалай жазалғанын, жаңа елшілер жіберуінің себебін айтады. 

Тоқтамыс хан бозбала күнінен алпауыт мемлекеттің тізгінін ұстап, халықаралық, еларалық дипломатия шарттарын, саясаттың негізгі тетіктерін жетік меңгерді. Біз әдетте Тоқтамыс туралы сөз қозғасақ, оның Мәскеуді өртегенін мақтанышпен айтамыз. Бұл – оның ерлігінің шырқау шегі емес, керісінше, үлкен қақтығыстардың басталуы. Ресей жеріне шабуылы оның ұлы державалық мұратын әйгіледі. Осыдан соң Әмір Темір оған тіс қайрап, 5 жылдан кейін Тоқтамыс жеңіліс табады. Әмір Темір соққысынан кейін Ұлы Литва князі Витовпен одақтасады. Тағы қиян-кескі соғыс. Хатта аты аталатын Едіге мен Шәдібек әскерінің қолынан Тоқтамыс 1406 жылы қаза табады. 

Тоқтамыстың дипломатиялық шеберлігі өз дәуірінде Польша королімен байланысып, Литва князімен одақтасқанынан-ақ анық аңғарылады. Польша жұртының мұрағатқа мұқият болғаны – осы хаттың сақталуына бірден-бір себеп. Тереңдең түссек, Литва мұрағатына бас сұқсақ, Тоқтамыс ханның князьға жазған хатымен ұшырасып қалуымыз да бек мүмкін. 

Темірдің басқару тәртібіне қарай тағайындау туралы және оны баяндау турасында жазылған хаттары былай деп келеді: 
«Жарлық тура тархандық жосынымен жүріп, атасы Қажы Байрам қожаны біздің хан ағаларымыз сойырқап (ұсынып) Тархан қылған мәнін аңғартып өтінеді...» «...бұ күнде ілгері Қырым мен Қырық йердің төменіндегі Судақ атты кенттің айналасында бұрыңғы заманнан бері мүтехаддыр (қазірге дейін) тархан болған Індірчі саласы мен мәшһүр болған саласымен бұрыңғылардың жосынымен жер суларымен бірге Мұхаммедтің оғландары ілкі үлкені – Мұхаммед және Махмұдқа азат тархан болсын!» 
Хатта бұйрық райы байқалады. Алдыңғы уақыиға мен хаттың 1397 жылы жазылғанына қарап, Темірдің билікке реформа жасағанын байқауға болады. бұл кезде Темір қолынан жермен-жексен болып жеңілген Тоқтамыс хан Литваға қашып кеткен. 

Алтын Орда хандарының дені өз хаттарында ата-баба аруағын сөз етісіп, олардың ізашарларының бұрынғы қарым-қатынастарын сөз етеді. Мысалы, Мұхаммед пен Махмұдтың Осман империясы тарапына жазған хаттарындағы мәтін райы төмендегідей: 
«Бұрынғы хан ағаларымыз (бен) Сіздің Рум уәләятының сұлтан аталарыңыз, ағаларыңызбен елші алмасып, сый-салем алысып, базаршы (саудагер) ортақ жүрісіп, жақсы барыс-келіс қылар еді, соңыра хан ағамыз Тоқтамыс хан сіздің Ұлық бабаңыз Ғазы Баязид бек пен бұрынғы жақсы жосынша елші алмасып сый-салем етісіп, екеуі тағы достық, жақсылықпен Тәңірі рақымына бардылар».
Бұл хаттың мазмұнынан астарлай әрі алыстан орағыта сөйлей отырып, адресанттың Осман империясымен бұрынғы алыс-берісті қайта қалпына келтіруге мүдделі екенін аңғарамыз. 

Тоқтамыстардан әрі сәл тереңдесек, Египетті билеген Бейбарыс пен Алтын Орда ханы Беркенің арасындағы қарым-қатынасқа маңдай тірейміз. 

ХІІІ ғасырдың екінші жартысында Шыңғыс ханның немерелері – Берке мен Құлағу соғысты. Соғыс себебі – жеке хандықтардың жерлері мен діни көзқарастарының қайшылығы. Берке – алғаш ислам дінін қабылдаған Алтын Орда ханы. Өз уақытында Жошы хан Беркеге Дешті Қыпшақтың оңтүстік аймақтары мен батыс Түркістанды бөліп берген. Аталған аймақтарда моңғол шапқыншылығына дейінгі уақытта ислам діні салтанат құрды. Бату ханның батыс жорығынан кейін Берке Құлағудан Әзірбайжан жерін өз әскерінің Бағдат халифатына қарсы соғысқа қатысып, жеңіске жеткенінің өтемі ретінде сұрады. Келіссөздер ешқандай нәтиже бермей, арты соғысқа ұласты. 

Дәл осы уақытта 36 жастағы Бейбарыс сұлтан Мысыр тағына отырып, моңғолдар мен кресшілерге қарсы соғыс бастаған.  Бейбарыс 56 жастағы Беркеге елші жіберіп, өзінің Құлағуды ислам жауы деп санайтынын, оны бірге талқандауды ұсынатынын жеткізеді. Ибн Абеззахр бұл туралы «сұлтан хаты түркі тілінде жазылған еді, бұған татарлар қатты қуанды» дейді. 
Бейбарыс болашақ одақтасына халиф Осман мен оның ұлы Аффанның өзі жазған қасиетті кітаптардан бастап, керемет сыйлықтарды есепсіз аттандырған. 

Берке ханның хаты мәмлүктер сарайында салтанатты түрде оқылған. Хат мазмұны бойынша Берке алтынордалықтар атынан алғыс білдіре отырып, Құлағуға қарсы жорықта көмектесуін сұрайды. 
«Мен және менің төрт бауырым жақын арада ислам дінін қайта орнатып, қаза тапқан имамдар кегін алу үшін күресудеміз. Құлағудың жолын кесу керек. Өз әскеріңді Евфратқа аттандыр!» - деп жазған Берке хан. 
Берке хан дәл осындай көмекті орыс князі Александр Невскийден де сұрайды. Алайда князь алтынордалықтармен кездескеннен кейін қайтар жолда – 1263 жылдың 14-қарашасында дүниеден озады. 

Орыс зерттеушісі В.В.Бартольд Беркен хан өз қызын мәмлүктер сұлтандығының билеушісіне ұзатты деп жазады. Бұл некеден Бейбарыстың бірінші мұрагері Саид-хан Мухаммед есімді бала дүниеге келген. Кейін оны Насир-ад-Дин Берке-хан деп атап кетіпті. 

Беркеден кейін Мысырмен байланысты Өзбек хан дамытты, Өзбек ханның мұрагері Жәнібек хан да бұл байланысты үзбеді. Тіпті, 1356 Әзірбайжанға жорық жасап, Тебризді басып алып, бұл туралы мәмлүктер сұлтанына баяндайды. Осы қарым-қатынасты Тоқтамыс жалғастырғанымен, Темір соққысы алтынордалықтар мен мысырлықтардың алыс-берісін түбегейлі үзді. 
***
Алтын Орда хандарының саяси айла-шарғы, сый-сияпаттарынан шынайы хабар беретін хаттардың бір легі – осы. Ендігі бағытымыз Қазақ хандығы құрылар тұстағы хат-хабарлар жинағы.
Басу
Пікір қосу
ЕСІМІҢІЗ:
E-Mail:
Код:
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Құпияны енгізіңіз:
Janalyqtar toptamasy
Медведев Назарбаевты құттықтады16:44Қырғызстан "Pfizer" вакцинасынан бас тартты15:37Қазақстан ЮНЕСКО саясатын әзірлеуге қатысады14:07Қазақстанда 19 санитарлық бекет қойылды12:43Цой: Жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа вакцина салынады11:44ДСМ: Вакцина салдырған адам еркін жүре алатын электрон паспорт енгізіледі11:39«Тақиялы періште» - Әлімғазы Райымбеков қайтыс болды10:50Тәулігіне 6-9 мың адамға дейін: Цой вирус жұқтыру дерегі көбеюі мүмкін екенін болжады10:42Қазақстан: Жаңа үкімет құрамы бекітілді17:51Алматыда Қуат Хамитовтің соты өтіп жатыр17:38Мембюджеттің 4 млрд. теңгесі қайда, BI Group?17:29Алматы: Модульді ауруханаға бөлінген қаражатты жымқыру ісі бойынша тергеу жүріп жатыр16:28Ерлан Қарин екінші рет коронавирусқа қарсы вакцина салдырды14:44Қазақстан үкіметі қалай тағайындалады?14:38Қазақстанда теміржол билеттері қымбаттайды13:17