Mazir
22 окт 10:18korilim:1 992 Жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлық сатқындыққа ұласып барады...

Маңғыстау облысында шетелдіктерді заңсыз кіргізген шенеунік ұсталғаны жөніндегі ақпарат  ресми және бейресми БАҚ бәрінде тарады. Шындығына келсек мұндай жағымсыз хабар екі күннің бірінде айдай әлемге жария болуда. Сол кезде ойлайсың, ойпырмай ол «тұлғаның» да ағайын-туысы, отбасы, балалары бар емес пе, бәрінің абройы айрандай төгілді-ау, олар ел бетіне қалай қарап жүр екен деп. Сыбайлас жемқорлық деген аты жаман қылмысқа барарда жақындарының ертеңгі күнін неге ойламады екен жазған-ау, деген де ойлардың жетегінде кетесің. Не керек, сырттай танитын, танымайтыны бар сол жемқорлардың жақындарының жағдайын ойлап қиналатыным бар. Сонымен қатар жемқор жанның өзіне зығырданым қанайды. Себебі сыбайлас жемқорлық қылмысымен ұсталып жатқандардың жоқ дегенде 90 пайызы жоғары лауазымды қызмет атқарғандар ғой. Еңбек ақылары да жақсы, мемлекеттік бағдарламамен пәтер де алған, басқа да жеңілдіктер мен мүмкіндіктерді пайдаланған емес пе?  Ендеше сондай қамқорлығын көрген мемлекеттің қоржынына немесе қазынасына сұғанақ қолын неге салады? Қанағат, нысап деген қасиеттері қайда кеткен? Неге тойымсыз, ашкөз? Қарап тұрсаң сұрақ көп, жауап жоқ. Жемқорлық деген біздің қоғамның дауасы табылмай тұрған дерті болды...

   Қош, сонымен осы жолы тараған сыбайлас жемқорлық қылмысы туралы ақпаратқа келер болсақ ол - Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы пара алды деген күдікке ілінген. Осы өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аталған мемлекеттік мекеменің шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері бөлімінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Заң органдарының таратқан мәліметіне қарағанда, аталмыш «тұлға» Маңғыстау облысы аумағында жұмыс істейтін шетелдік азаматтарға жұмыс визаларын кедергісіз бергені және ұзартқаны үшін бірнеше рет шетелдік компаниялардың өкілдерінен 500-ден 1000 долларға дейінгі мөлшерде пара алды деген айып тағылып отыр. Сонымен қатар Маңғыстау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары да сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған. Ол шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері жөніндегі комиссияның төрайымы бола отырып, аталған мемлекеттік мекеменің бөлім басшысынан жұмыс бойынша жалпы көрсеткен көмегі үшін кондиционер түрінде пара алды деген күдікке ілінген. Яғни, бөлім басшысы екеуі сыбайлас. Бүгінде екі басшыға қатысты сотқа дейінгі тергеу, тексеру процесі жүргізілуде. Күдіктілерге байланысты түпкілікті шешімді сот қабылдайды, егер сотқа жетпей қалмаса... Біздің елде мұндай «қызықтар» да болып тұрады, әттең...

  Бұл қылмысты елімізде орын алып жатқан сыбайлас жемқорлық қылмыстарының кезекті біреуі ретінде «сауап болыпты, обал жоқ» деп қоя салуға да болар еді. Алайда шетелдіктерге қатысты, олардың визаларын кедергісіз беру, заңсыз ұзарту секілді көрсеткен «қызметтері» қолға еріксіз қалам алдырып тұр. Себебі бейресми ақпарат көздерінің дерегіне қарағанда мұндай «қызметті» осы жолы тұтылған маңғыстаулық шенеунік ғана емес, оның өзге де өңірлердегі әріптестері, ел ішінде «миграция» аталып жүрген көші-қон басқармаларының мамандары да көрсетеді екен. Мәселен, Алматы қаласындағы Қытай компанияларының бірінде істейтін маман мынадай жағдайды жұмысында көзімен көрген. Ертеңгілік жұмысына барған ол кабинетінің терезесінен аулаларына үлкен жүк машинасынан түсірілген контейнерлардағы жиһаздардың ішінен қаптаған қытайлардың түсіп жатқанын көрген. Ол бұрыннан істейтін әріптесін қасына шақырып, әлгі қысық көздерді көрсеткен ғой. Сонда әріптесі «бұлар бұрын да осындай жолмен заңсыз азаматтарын өткізген, мен жасырын түрде ішкі істер органдарына хабарлағанмын, бірақ аяқсыз қалды, қой құрсын мұны көргенімізді басшылар білсе, жұмыстан қуыламыз» деген. Мұны естігенде жатып кеп ашуланғанымыз бар. «Сонда бұл неткен салғырттық, енжарлық, жаны ашымастық, отансүйгіштік қасиет қайда?» деп. Алайда артынан байыптап қарасақ, біз қойды қасқырға бақтырғандай жағдайда жүр екенбіз. Заңсыздықтар және қылмыскерлермен күресуі тиіс ішкі істер органдарының барлық деңгейі қылмысқа өздері белшесінен батқан. Мемлекеттік органдардың көбінде жағдай осылай. Сонда мына ел, мемлекет кімге керек? Біле білсек, мына қылмыстар отанға, мемлекетке сатқындық ғой. Бүгінде заң органдары келімсектерді кердеңдетіп қойғаны сонша, олар қазақ елінің азаматтарын тапайдың тал түсінде жабылып соққыға жығатын жағдайға жетті. Бұл басыну емей немене..? Сөзімізге жақында ғана Алматы облысындағы Қытай компаниясында жұмыс істейтін қытай азаматтарының қазақ жігітін жұмыс барысында жабылып сабағандары дәлел. Дәлел іздесек көп екен. Осы жазда мұнайлы өңірдегі шетелдік компанияның жатжұрттық мамандары алдымен қазақ қызын қорлап, артынан оған намыстанған қазақ жігіттерімен төбелескендері тағы айғақ. Алматыда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісіне жол бермек түгілі оның алдын кескестеп, онымен қоймай тоқтатып, ұрып жыққан түркиялық тексізді \азаматы деген сөзді қимай тұрмын-автор\ де ұмытқан жоқпыз. Айта берсек мұндай дәлелдер көп-ақ. Өкініштісі мұндай келеңсіздіктер жиілеп барады. Сондықтан Президент Қ.Тоқаев бас болып, Қауіпсіздік кеңесі, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі секілді құзырлы органдар мұндай қылмыс және сатқындықпен шындап күресулері тиіс. Бұл істе әрбір отансүйгіш, елжанды азаматтарымыз өздері білетін қылмыскерлерге байланысты заң орындарына ақпарат беріп, әлеуметтік желіде таратып үлес қосуы қажет. Махамбет батыр айтқан қаранарлар керек бұл күреске. Қайыспас нарлар қайдасыңдар?!

Нұрболат Абайұлы, журналист.


 
 



 
 
 

Басу
Пікір қосу
ЕСІМІҢІЗ:
E-Mail:
Код:
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Құпияны енгізіңіз: